“Ақшын” СҮ өрт салдарынан 2200-ден астам кәсіпкер зардап шекті
“Ақшын” СҮ өрт салдарынан 2200-ден астам кәсіпкер зардап шекті, деп хабарлайды ABAY online порталы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өрт бірінші қабатта басталып, 2 қабат пен шатырға тарады. Алдын ала мәліметтер бойынша өрттің жалпы ауданы 4000 шаршы метрден асады.
Өртке қарсы қызмет орынға жедел түрде шықты, түн ортасынан бастап сөндіруде жеке құрамның 388 адамы, 48 бірлік техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Күштер мен құралдар №3 жоғары дәрежеде жұмыс істеуде. Түнде дабыл сигналы бойынша полиция департаментінің барлық жеке құрамы көтерілді.
Өртті сөндіруде жоғары температура, үлкен өрт жүктемесі, жанғыш материалдар және ғимараттың орналасу күрделілігі кедергі келтіруде. Сағат 11: 39 сауда үйіндегі өрт оқшауланды, жою жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ірі өрт фактісі бойынша “Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Кәсіпкерлер кем дегенде кейбір тауарларды құтқарамын деген үмітпен таңғы 5-тен бастап көшеде кезекшілікте болды. Олардың барлығы шок күйінде және бұдан әрі не істеу керектігін білмейді.
“Бұл біздің нанымыз, үйіміз! Қазір көптеген адамдар шок. Жалдау ақысы төленді, өрт қауіпсіздігі үшін де, нәтижесінде не болды. Барлық тауарымыз сонда, біз қазір несиелер мен қарыздармен қалдық. Бізге бәрін кім қайтарады?”, – дейді кәсіпкер Энвира Байдалина.
Зардап шеккендермен бірінші кезекте Абай облысының ПД қызметкерлері жұмыс істей бастады. Тергеушілер зардап шеккендерден жазбаша өтініштер қабылдады. Кейін олармен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев, қала әкімінің орынбасары Жәнібек Мұқатаев, “Ақшын” СҮ, салық және ТЖД өкілдері келді. Алайда, жиналғандармен мұндай әңгіме нәтиже бермеді. Өйткені, көзіне жас алған адамдар тек “әдемі” уәделерді ғана емес, сонымен бірге залалды өтеуді және ашық тергеуді талап етті.
“Біз қайда барамыз? Бізде ешнәрсе сақтандырылмаған, көбінің құжаттары, тауарға жүкқұжаттары қалды”, – дейді кәсіпкерлердің бірі.
Сондай-ақ, облыстық Кәсіпкерлер Палатасы WhatsApp мессенджерінде “Ақшын “СО өрттен зардап шеккендерге көмек” тобын құрды.
ABAY online редакциясы жағдайды және тергеу барысын бақылауды жалғастырады!