“Қарағайлыдан” үй алған жақсы, күй болмаса, ше?

0

Еліміз бойынша ЖЭО-ның орташа «жасы» 61 -ден асқаны белгілі болып отыр. Ал, Ертістің сол жағалауында орналасқан Семейдегі ЖЭО-1 1934 жылы пайдалануға берілген. Қазақы сөзбен айтқанда, «Тоқсан көрейін деген жасым ба еді?» дегеннің күйінде. Бәлкім, Екібастұз қаласында орын алған апаттың әсерінен бе, әлде, жалпы жағдай онсыз да шығайын деп тұрған көздің кейпінде ме, кім білсін, қазір Семейдің бірқатар аудандарында жылудың жайы мәз еместігі шындық.

Дегенмен, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тұрғындармен онлайн өткізген кездесуінде қаланың оң жағалауын толықтай жылумен қамтамасыз ету мәселесі рет-ретімен жөнге келетінін мәлімдеген болатын.

– Облыс орталығының ең күрделі мәселелерінің бірі – жылумен қамту және қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі. Қазір «Орталық» және «Ғаббасов» жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «103», «103А», «35-квартал» мен «зооветинститут» қазандығының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. -деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, жылумен қамтамасыз ету жылдам жөнге келе қоймағанымен, жылу нысандарында апаттарға жол бермеудің барлық қажеттіліктері ескеріліп отыр. Тіпті, қаржы жағынан еш қиындық жоқ, тек қана жылу желілерінің техникалық жағдайына назар аударып отырған жөн.

Бәрінен де қаланың оң жақ бөлігінде жаңадан бой көтерген «Қарағайлы» ықшамауданындағы кейбір көпқабатты үйлердің сапасыз салынуы салдарынан тұрғындар тығырыққа тіреліп отырғанын да жасырудың қажеті шамалы.

 

  • Мүгедек баласы бар санаттағы әпкем биыл сәуір айының басында ғана «Азия» фирмасы салған үйлер мақтаулы болған соң, ипотекалық жүйе бойынша алған еді. Ол кісі қазір мектепте оқитын баласы бар болғандықтан да Цемпоселок кентіндегі менің баспанамда тұрады. Ал, мен мұнда, бір жастағы баласы бар сіңліммен тұрып жатырмын. Алайда, біз күткен талапқа сай болмайтындығын қыс түскенде бір-ақ біліп отырмыз. Айына 70 мың теңгеден астам ипотека төлемін төлейміз,-дейді 88 үй, 31 пәтер тұрғыны Жеңіскүл Қалиева – Терезелерді бірер күн бұрын ауыстырып кеткенімен, кей тұстарынан су ағып, жел соғады. Байқағаным, терезелерді орналастырғанымен, кей тұстарындағы қуыстарды толық бітемеген. Жел соғып тұратыны соның көрінісі ғой. алдына шүберек, түрлі маталармен бүркеп, қолға түскен дүниемен суық кіргізбеудің амалын жасап, жан бағып отырмыз. Балконға шықсақ та есікті ашқаннан суық саулайды. Оның бір себебі, біздің бірінші подьезде қабырға жоқ. Екіншіге жапсарлас, ортақ болып тұр. Аяз күшейгенде бұл баспанамызды тастап уақытша жер іздеп кетеміз. Астымыздағы жертөледе су тамшылап жатқанын да айтушылар көп.

Иә, шындығына келсек, облыс орталығы болмай тұрған шақта қаланы дамытудың бір дәлелі іспетті болған жаңа мөлтекаудандағы мысалдың бірі осы. Шындығында, қазір қала орталығында болсын, қайбір аудандарында болсын, жаңадан бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер жетіп артылады. «Халықты баспанамен қамтыған жөн екен» делік, алайда, оны қарашадан басталып сәуірге дейін созылатын жылыту кезеңіндегі жай-күйі келешекте қалай болмақ?! Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін басы ашық күйде қалған жайы бар.

Қосымша айта кеткен жөн, бүгінгі күнде Семейде жылу магистралінің тозу деңгейі – 63,8%- шамасында. Яғни, Ертіс өзенінің қос қапталын алып жатқан алып шаһардың тең жартысынан астамының жайы жақсы емес. «Кәрі құдасының» қаһарынан осы себепке орай туындайтын проблемаларды алдағы көктемге дейін сан рет көруге болады.

Ал, семейліктерді облыс орталығын 2027 жылға дейінгі кешенді дамыту жоспарына сай жаңа баспана құрылыстарының басталып кеткені алаңсыз отырудың ауылы алыс екендігін байқатқандай.

Сәтжан Қасымжанұлы,

Абай облысы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *