ШҚО-да өзеннің ластануы үшін ЖШС жауапқа тартылды

0

Экология департаменті жинағыштардың тоғанынан жер бедеріне және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғышқа технологиялық судың құйылу фактілерін анықтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті уәкілетті органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 28-30 қыркүйек аралығында Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фактісіне қатысты “Визол “ГРК” ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы Экологиялық кодексінің нормаларына бірқатар сәйкессіздіктер анықталды, бұл кәсіпорынды жауапкершілікке тартуға негіз болғанын ведомствоның баспасөз қызметінде хабарлады.

– Жинағыштардың тоғанынан жер бедеріне және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғышқа технологиялық судың құйылу фактілері анықталды. Нәтижесінде “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Айыппұл мөлшері өз еркімен ағызу көлемі нақтыланғаннан кейін анықталады, – деп атап өтті экология министрлігінде.

Бұдан басқа, тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес кен орнын игергеннен кейін техникалық және биологиялық рекультивациялау жолымен табиғи объектілерді олардың базалық жай-күйіне дейін қалпына келтіруді жүргізу қажет: табиғи ландшафтты, ағаш өсімдіктерін және жануарлар дүниесі мекендейтін ортаны қалпына келтіру.

“ГРК “Визол” ЖШС уақтылы зерттеулер жүргізбегені, биологиялық негіздеме әзірлемегені және шаруашылық қызмет нәтижесінде балық ресурстарына келтірілетін зиянды анықтамағаны анықталды. Сонымен қатар, тау-кен жұмыстары тұрғысынан қалдықтарды басқару жүйесі сақталмаған.

Кәсіпорынға қатысты осы бұзушылықтар үшін ӘҚБ Кодексінің 332-бабының 2-бөлігі және 344-бабының 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды. Осы баптар бойынша салынған айыппұлдардың сомасы 200 мыңнан астам теңгені құрады.

– Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жоғарыда аталған тау-кен компаниясына нұсқама берілді, оған сәйкес қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау және азайту жөніндегі тиімді іс-шараларды іске асыру, табиғи орта компоненттеріне зерттеулер жүргізу, биологиялық негіздеме әзірлеу және балық қорларына келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуі қажет.

Орындалған жұмыстардың нәтижелері туралы қосымша хабарланады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйек айының ортасында Шығыс қазақстан облысы Күршім ауданындағы Күршім және қыстау өзендерінің арналарының қауіпті химиялық заттармен ластануы мүмкін екендігі туралы ақпарат әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Ел Президенті шұғыл шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырма берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *