«Қазақстан барысы» Жоламановтың ағасы 43 млн қарызын қайтармай жүр

0

Сот процесі кезінде Қамабеков ондай қолхатты мүлде жазбағандығын айтып, Жоламановтың сөзін теріске шығарған, деп хабарлайды malim.kz тілшісі

Бір әулетте елдің, мемлекеттің абыройын асқақтататын азаматтар шығып жатады. Алайда сондай азаматтардың абыройына туған бауырлары, ағайыны кір келтіретін жағдайлар бар.   Соның бір мысалы – белгілі семейлік палуан, 2011,2012 жылғы  «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің  күміс және қола жүлдегері,  қазір Абай облыстық мәслихатының депутаты Шалқар Жоламановтың туған ағасы Айдын Жоламановқа қатысты.  

Анығын айтсақ, кәсіпкерлік салада ортақ мақсаттағы жақын достар болып жүрген Айдын Жоламанов пен Серікхан Қамабековтің арасына жік түскелі 3 жылдың жүзі болды. Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылдың сәуір айында А. Жоламанов С. Қамабековтен иелігіндегі промбазаны өзіне сатуын өтінеді. Алайда, бірден тауып беретін қомақты қаражат болмай тұрғанын, кейіннен есептесетінін айтады. Әрине, ауызша емес, келісім-шарт жасасып, қолхат жазып беруді ұсынады.

Сөйтіп Қамабековтің иелігіндегі өндірістік базаны Жоламанов 43 000 000 теңгеге қарызға сатып алған. Тиесілі қаражатты Жоламанов 2020 жылдың 5 мамырына дейін төлеуге уәде береді. Бір қызығы нотариус арқылы рәсімделген құжатта сатып алушы Жоламановтың қызы көрсетілгенімен, қаражатты міндеттелген күнге дейін қайтаруға қолхат та жазып береді. Алайда, «іс бітті, қу кеттінің» кері келіп, Жоламанов уәдесінен тайқып кеткен.

Қамабеков алғашында досының қарызын төлейтініне сенім білдіргенін растайды. Бірақ, ол уәдесін орындамаған соң, амалсыз чемпион інісі Шалқар Жоламановқа шығып, ағасы Айдынның қарызын бермей жүргенін айтуға тура келеді. Алайда, ол да бірнеше рет сендіріп баққанымен, Қамабековтің қарызын қайтаруға тырыспайды.

Халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған құжатта өндірістік базаның А. Жоламановтың қызының атына 2020 жылдың 26 маусымында тіркеліп, «ҮржарАгро» несие серіктестігі» ЖШС мен «Аграрлық несие корпорациясына» кепілге қойылған өндірістік база шыға келеді.

Бұдан кейін, әрине, Қамабеков Семей қалалық сотына аталған анықтаманың жарамсыз екенін мәлімдеп шағым түсіреді. Сот алқасы өндірістік база кепілге қойылған жағдайда аталған корпорация өкілдері алдымен Қамабековтің өндірістік базасын арнайы барып көріп,  нарықтағы бағасымен салыстырып, соған сәйкес, өз бағасын шығаруы тиістігін мәлімдейді. Әрине, «Аграрлық несие корпорациясы» бұл талаптың бірін  де орындамаған. Сонда Қамабековтің базасы оның келісімінсіз корпорация иелігіне қалай өтіп кеткені тіптен, таңқалдырады.

Тағы бір таңғалдырар жайт, корпорация кепілге қойылған базаның иесіне тиесілі қаражатты төлеуі тиіс болған. Міне, осы тұста С. Қамабековтің А. Жоламановтан 2020 жылдың 6 сәуірі күні толықтай базаның төлемақысын алғаны жөнінде қолхаттың көшірмесі шыға келеді. Осыны негізге алған Жоламанов даулы өндірістік базаның өзінің қызының атына берілгендігін айғақтап,несие корпорациясын қалайша көндіргені бір жұмбақ. Ал сот процесі кезінде Қамабеков ондай қолхатты мүлде жазбағандығын айтып Жоламановтың сөзін теріске шығарған. 

«Мен өндірістік базамды Жоламановқа сатқаныммен, оның маған 43 млн. теңге берешек екендігін растайтын қолхатын алғанмын. Ал, оның төленгенін растайтын өз қолыммен жазған ешқандай қолхат берген жоқпын. Қайта керісінше, ол осы үш жылдан бері бір теңге де төлеген емес. Қалалық сот менің шағымымды қанағаттандырып, Жоламановтың маған берешегін қайтаруға міндеттеді. Бірақ, ол оны орындаудың орнына облыстық сотқа жүгініп, ал облыстық сот қалалық соттың қаулысын қабылдаудан және менің шағымымды қараудан бас тартты. Облыстық сот менің тиесілі соманы алғаным жөніндегі Жоламановтың шындыққа жанаспайтын қолхатын растағаны таңғалдырады»,-дейді С.Қамабеков.

Тоқетерін айтқанда, Серікхан Қамабеков  Айдын Жоламановтан 6 сәуір, 2020 жылы өндірістік базаны сатып, 43 000 000 теңгені алмағанын айтады. Алайда, Жоламановтың оның өндірістік базасын қызының атынан кепілге қойып, «ҮржарАгро» несие серіктестігі» ЖШС мен «Аграрлық несие корпорациясынан»  қаржы алғандығы түбегейлі тексеруді қажет етеді. Даулы мәселе қазір Жоғары соттың қарауына жолданды.

Түпнұсқа: malim.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *