Семейдегі сергелдең
Еліміз бойынша жылу электр орталығының орта «жасы» 61 жылдан асқаны белгілі болып отыр. Ал Ертістің сол жағалауында орналасқан Семейдегі ЖЭО-1 1934 жылы пайдалануға берілген. Жақында ғана 90 жылдық тарихы бар стансадағы оқыс оқиға Семейдің бірқатар ауданындағы жылу мәселесінің күрделі екенін көрсетіп берді. Тіпті, мұндағы тұрғындар қыста жаңа пәтерін тастап, жайлы, жылы баспана іздеуге мәжбүр, деп хабарлайды AIQYN.KZ тілшісі
Дегенмен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тұрғындармен кездесуде қаланың оң жағалауын толықтай жылумен қамтамасыз ету мәселесі рет-ретімен шешілетінін айтады. Қазір «Орталық» және «Ғаббасов» жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «103», «103А», «35-квартал» мен «Зооветинститут» қазандығының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, – деді Нұрлан Ұранхаев.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, жылумен қамтамасыз ету жылдам жөнге келе қоймағанымен, жылу нысандарында апаттарға жол бермеудің барлық қажеттілігі ескеріліп отыр. Тіпті, қаржы жағынан еш қиындық жоқ, тек жылу желілерінің техникалық жағдайына назар аударып отырған жөн.
Бәрінен де қаланың оң жақ бөлігінде жаңадан бой көтерген «Қарағайлы» ықшамауданындағы кейбір көпқабатты үйлердің сапасыз салынуынан тұрғындар тығырыққа тірелген.
– Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әпкем сәуір айының басында ғана «Азия» фирмасы салған үйлер мақтаулы болған соң ипотекалық жүйе бойынша алды. Ол кісі қазір мектепте оқитын баласы бар болғандықтан да, Цемпоселок кентіндегі менің баспанамда тұрады. Ал мен мұнда бір жастағы баласы бар сіңліммен тұрып жатырмын. Алайда біз күткен талапқа сай болмайтынын қыс түскенде бір-ақ біліп отырмыз. Айына 70 мың теңгеден астам ипотека төлемін төлейміз, – дейді қала тұрғыны Жеңіскүл Қалиева.
Оның айтуынша, терезелерді бірер күн бұрын ауыстырып кеткенімен, кей тұстарынан су ағып, суық жел кіреді. Өйткені терезелердің қуыстарын толық бітемеген. Тұрғындар оны шүберек, түрлі матамен бүркеп, қолға түскен дүниемен суық кіргізбеудің амалын жасап, жан бағуға мәжбүр. Амалы құрыған тұрғындар аяз күшейгеннен ипотекаға алған пәтерін тастап, уақытша баспана іздеп әлекке түседі.
Облыс орталығына айналған қаладағы жаңа ықшамаудандағы жағдай осы. Шындығында, қазір қала орталығында болсын, қайбір аудандарында болсын, жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер жетіп артылады. «Халықты баспанамен қамтыған жөн екен» делік, алайда оны қарашадан басталып сәуірге дейін созылатын жылыту кезеңіндегі жай-күйі келешекте қалай болмақ?! Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі күнге дейін басы ашық күйде қалған жайы бар.
Қосымша айта кеткен жөн, бүгінде Семейде жылу магистралінің тозу деңгейі 63,8 пайызды құрайды. Яғни, Ертіс өзенінің қос қапталын алып жатқан алып шаһардағы жылу құбырларының көбі ескірген. Ал бұл жағдай баспаналы болудан бұрын шын мәнінде жайлы баспаналы болуды ойлаған тұрғындардың көңіліне күмәнді ұялата түскендей.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Абай облысы
Ақпарат көзі: AIQYN.KZ