Семейлік суретшілер топтамасы: “Радуга над Иртышом”
Семей – мәдениет пен өнердің орталығы ретінде тарихтағы орны әлдеқашан мойындалған қала. Мұнда ғұмыр кешкен сан түрлі талант иелерін тереңдей таныстырмай-ақ та жұртшылық жақсы біледі. Дегенмен, өнер атаулының ішінде күрделі әрі ерекше талғамды қажет ететін бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған суретшілердің орны айрықша. Расын айтқан жөн, ара-тұра ұйымдастырылатын көрмелер болмаса, қылқалам шеберлерінің есімдерін де, еңбектерін де екінің бірі жетік біле бермейді.
Есесіне, жақында қаламыздағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында осы олқылықтың орнын толтырған қуанышты жаңалықтың куәсі болдық. Ертіс жағасындағы өлкенің табиғатын тағы да басқа тамаша көріністерді шығармашылғына арқау еткен 12 суретшінің туындылары енген «Радуга над Иртышом» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Белгілі кәсіпкер-меценат, бейнелеу өнерінің қолдаушысы Сәтбек Ракишевтің демеушілігімен жарық көрген альбом-кітаптың форматы өзгеше, өте сапалы қағазда басылған. Мұнда кезінде аты аңызға айналған Семей педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің танылуына мол еңбек сіңірген ұстаздар мен оның талантты шәкірттерінің шығармашылығымен кеңінен танысуға болады.
- Алдымен атап айтарлығы менің бұл істі жүзеге асыруыма идея тастаған ең жақын достарымның бірі, талантты суретші Олег Ратушнов еді. Өкінішке қарай, ол қазір ортамызда жоқ. Өмірден мезгілсіз кеткеніне бес жылдың жүзі болды. Дегенмен, мен досымның осынау ұсынысын аманаты ретінде қабылдап, орындауға барымды салдым. Ол талантты суретші ғана емес, мықты музыкант та болатын. Біз өнер адамдарының қайсына болсын құрметпен қарауымыз керек. Әсіресе, суретшілер қауымының айналасындағы көріністерге ерекше талғаммен қарайтындығын, тіпті, ғарыштық құбылысқа балайтындығын ескеруге тиіспіз деп ойлаймын. Ал, бүгінгі ісімді жақын досымның, сонымен бірге бейнелеу өнеріне өмірін арнаған талантты жандардың алдындағы өзімнің азаматтық борышым деп түсініңіздер. Осы кітапты шығаруды қолға алған кезден оның жинақталып, суретшілер туралы деректердің дайындалуына бар күш-жігерін жұмсаған Маргарита Калачянға зор алғысымды білдіремін,-деп ағынан жарылды С. Ракишев.
«Радуга над Иртышом» альбом-кітабында Сағат Әділханов, Роман Бобровский, Төлеуғазы Жұбанышев, егіз суретшілер – Олександр және Евгений Махно, Нұрбұлан Өтепбаев, Талғат Татиев, Нұрбек Сейітбатталов тағы да басқа танымал суретшілердің туындылары көз тарта қызықтырады.
Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған О. Ратушновтың анасы Валентина Павловна ұлының есімін жаңғыртып, осындай үлкен жұмыстың жүзеге асуына ұйытқы болған достарына ризашылығын аналық тебіреніспен жеткізді. Сонымен қатар суретшімен жақын араласқан Төлеуғазы Жұбанышев, Серік Уәлиханов тағы да басқа достары суретші әрі музыкант Олег туралы естеліктерімен бөлісіп, сол бір күндердегі қызықты сәттерді ортаға салды.
Сәтжан Қасымжанұлы