Семейде Ұлы Отан соғысының ардагері Әйкел Жақыпбекұлының 100 жылдығына орай еске алу бәйгесі өтті
Күні кеше Семей қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Әйкел Жақыпбекұлының 100 жылдығына орай еске алу бәйгесі өтті. Ат таяғын дүбірлеткен жарысқа шет ел мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен шабандоздар қатысты. Тұлпарлар бақ сынасқан бәйге қаламыздағы Степной кентінде орналасқан атшабарда өтті. Абай облысында алғаш рет өткізіліп отырған жарысқа келген көрермендер саны 15 мыңнан асты. Атжарыс десе делебесі қозатын алаш баласы үшін бұл күн ерекше мереке болды.
Байтақ еліміздің төрт қиырынан, тіпті көршілес елдерден де ат қосылып, желмен жарысқан 200-ге жуық сәйгүліктің бабы сыналды. Ең үздік деген аттарын бәйгенің төрт түріне: Аламан бәйге 25 шақырым, топ бәйге 10 шақырым, жорға 7 шақырым және құнан бәйге 6 шақырымға дайындап әкелген. Алаң ортасында кілең ақ түсті су жаңа 4 автокөлік қаздай тізіліп тұр. Бағы жанған жеңімпаздарға тағайындалған жүлде қорының басы осы. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне Mitsubishi L200 автокөлігі, топ бәйгенің бас жүлдесіне Hyundai Accent, жорға бәйгенің бас жүлдесіне Chevrolet Cobalt автоколігі және құнан бәйгенің жеңімпазына Нива автокөлігі сыйға тартылады. Сондай ақ, мотоциклдер мен тұмыстық техникалар да өз иелерін таппақ.
Ең бірінші жарыстың шымылдығын шағын қашықтықтан бастады. Құнан бәйге үш жасар құнандар жарысы. 6 шақырым қашықтықты Қордай шабандозы Айтқабыл Қабылмен бірге «Сакура» атты сәйгүлік мәреге бірінші болып жетіп, Нива автокөлігінің иегері атанды. Мәреге екінші болып Алматылық Абзал Тұрғанбек «Шұғыла» атты тұлпарымен келді. Жеңімпазға мопед сыйлыққа берілді. Үздік үштікті Алматы облысынан келген «Мамлюк» атты арғымақ иесі Абзал Тұрмыс түйіндеді.
Төрт аяғы тайпалаған жорға сусылдатып ала жөнелгенде жүрісі аса жайлығымен ерекшеленеді. Атшабарда 70 жуық жорғаның аяқ алысы 7 шақырымдық қашықтықта сыналды. Жорға жарысы Күршімдіктер үшін жүлделі болды. Қорытындысында «Чиксалонг» атты қаракер жорғаның жылдамдығы мен жүрісі бәрінен басым болды. Тізгін басындағы шабандоз-Алихан Қамалхан. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып озып шыққан Күршімдік жеңімпаз Chevrolet Cobalt автокөлігінің иегері атанды. Екінші болып мәре сызығын Досжан Қамалхан «Алча» сәйгүлігімен кесіп, мотоцикл ұтып алды. Шабдан АлмазбекУулының сәйгүлігі «Латиф» үшінші келсе, төртінші жүлдені Памир Улануулы «Лаурен» жорғасымен жеңіп алды.
10 шақырырымдық топ бәйгеде шабандоздар бір-бірімен тайталасқа түсті. Осылайша Алматы облысынан келген шабандоз Абзал Тұрмыстың алшысы оңынан түсіп, «Ардагер» лақаб атты күрең иесіне Hyundai Accent темір тұлпардың иесі атандырды. Күршімдік Байқан Асанқұлов есімді бозбала «Холи Бой» атты тұлпарымен екінші орынды иеленіп, мотоцикл ұтып алды. Үшінші мен төртінші орынды Алматы облысының шабандоздары Мұратхан Арнат пен Аңсар есімді шабандоздар жеңіп алды.
Көрермендер тағатсыздана күткен аламан бәйгеге де кезек келіп жетті. Дәл осы жерде 25 шақыртым қашықтықта аттар бар өнерін, төзімділігін айқындайды. Сол себепті де, ең үздік шабандоздар мен тәжірибелі аттар ғана қатысады. 25 жақырымға жылдамдығын үдете желдей ескен шабысқа жүйріктің жүйрігі ғана шыдай алды. Бәйгеде бәрінен оза шауып жеңіс тұғырына бірінші болып жер жанаты Жетісудан келген Қоян Ақылбай әулетінің « Жұмыртұяқ» атты сәйгүлігі жол талғамайтын Mitsubishi L200 автокөлігін иесіне тақымдатты. Шабандозы- Амангелді Хамза. Екінші болып Алматы облысынан келген Тұрғанбек Абзал, тұлпары «Тайванмен» квадроцикл ұтып алды. Үшінші болып күршімдік — Байхан Асанкуловтың «Көксерегі», төртінші Алматы облысының Сұлтан Қайсардың «Хабары» келді. Еске алу бәйгенің жеңімпаздары, салтанатты түрде жеңіс тұғырында марапатталды.