Әкім жылу беруге жауапты тұлғаларға сөгіс жариялады
“Ғаббасов” қазандығының мердігерлік ұйымына айыппұл салынады, одан басқа, “Теплокоммунэнерго” МКК техникалық директоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына аталған жұмыстардың орындалу барысына тиісті бақылаудың болмағаны үшін сөгіс жарияланды.
Қала әкімі Бақытжан Байахметов өзінің Instagram парақшасында “Ғаббасов” учаскесіндегі мердігер ұйымның жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Ол қазандық аумағында жиналыс түнгі 12-ге дейін өткізілгенін атап өтті.
– Қазандық штаттық режимде жұмыс істейді. Проблемалар “ВосТоргСтрой” мердігерлік ұйымының орамішілік жылу желілерін ауыстыру бойынша жұмыстарды уақтылы орындамауымен байланысты. Сондықтан бұл ұйымға қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл санкциялары қойылады, – деп жазады қала басшысы.
Сонымен қатар, әкім “Теплокоммунэнерго” МКК техникалық директорына сөгіс жариялауды және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына жоғарыда аталған жұмыстардың орындалу барысына тиісті бақылаудың болмағаны үшін тәртіптік жазалау шараларын қабылдауды тапсырды.
Ол сондай-ақ жылумен жабдықтау объектілерін дайындау бірінші кезектегі міндет болып табылатынын атап өтті. Кеше 70-ші кварталдың нысандары (үш үй мен балабақша) жылуға қосылды. 71 кварталдағы (6 үй) нысандарды қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін 72 кварталдың қалған нысандарын қосу күтілуде.
– Семей тұрғындары суық пәтерлерде жаурамауы керек. Біз жауапты басшылардан нысандарды жылумен жабдықтауға қосу мерзімдерін бұзғаны үшін және тұрғындарымызға қолайсыздық келтіргені үшін қатаң түрде сұрайтын боламыз, – деп сендірді Бақытжан Байахметов.