«Семей Тазалық» — Қазақстандағы үздік қоқыс шығару ұйымы
Тұрмыстық қалдықтарды күнделікті шығару — қала өміріндегі көзге бірден байқала бермейтін, бірақ маңызы зор жұмыстардың бірі. Аула мен көшелердің тазалығы, контейнер алаңдарының уақытылы босатылуы — осының барлығы жүйелі жұмысты, арнайы техниканы және тұрақты бақылауды қажет етеді. Семей қаласында бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырып жүрген кәсіпорындардың бірі — «Семей Тазалық» ЖШС. Биыл кәсіпорынның жұмысы республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Waste Management Awards 2026 қорытындысы бойынша «Семей Тазалық» ЖШС «Қазақстандағы үздік қоқыс шығару ұйымы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Waste Management Awards кәсіби сыйлығы 2018 жылдан бері екі жылда бір рет Қазақстанның қалдықтарды басқару қауымдастығы KazWaste бастамасымен өткізіліп келеді. Байқау қалдықтарды басқару саласындағы жетістіктерді, заманауи шешімдерді және экологиялық жауапкершілікті дамытуға үлес қосып жүрген ұйымдарды атап өтеді.
2026 жылы байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 42 өтінім келіп түскен. Жеңімпаздар сегіз номинация бойынша анықталды.
Алайда бұл марапаттың артында тек байқау нәтижесі емес, қаладағы күнделікті атқарылатын үлкен жұмыс тұр.
Семей қаласының 2024–2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасына сәйкес, «Семей Тазалық» ЖШС қызметімен 136 722 адам қамтылған. Кәсіпорынның қызмет көрсету аумағында 2,6 мыңнан астам контейнер бар. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін GPS датчиктерімен жабдықталған арнайы техника пайдаланылады. Бұл көлік қозғалысын, бағыттардың орындалуын және қоқысты шығару кестесін бақылауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның жұмысы тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарумен ғана шектелмейді. Қала аумағында қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге тастау жағдайларын анықтау және оларды жою бойынша да жұмыстар жүргізіледі. Бұл бағытта кәсіпорын қалалық қызметтермен бірлесіп жұмыс атқарады.
Бүгінде қалдықтарды басқару мәселесі Қазақстан қалалары үшін өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Тұрмыстық қалдық көлемінің артуы оларды уақытылы жинап, шығарумен қатар, қалдықтарды басқарудың барлық жүйесін жетілдіруді талап етеді. Оған жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу үдерістері кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, «Семей Тазалық» ЖШС-нің республикалық марапатқа ие болуы — кәсіпорын жұмысына берілген кәсіби бағаның бірі.
Waste Management Awards 2026 байқауындағы жеңіс — күн сайын қаланың тазалығы мен санитарлық жағдайын қамтамасыз етіп жүрген кәсіпорын ұжымының еңбегіне берілген баға.
Семей үшін бұл марапат қала тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың маңызын және оның республикалық деңгейде де мойындалғанын көрсетеді.
Редактор: Салтанат Еркінбекқызы