Қысқы спорт түрімен айналысатын спортшыларға жаттығуға лайықты жағдай қажет
Спорттағы үлкен жетістіктер күнделікті еңбектен, тынымсыз дайындықтан басталады. Ал спортшының нәтижелі жаттығуы үшін ең алдымен қауіпсіз әрі талапқа сай жағдай қажет.
Семейде қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшылардың тұрақты жаттығу орны жоқ. Сондықтан шаңғышылар мен биатлоншылар жаттығу үшін қаланың әртүрлі аумақтарын пайдалануға мәжбүр. Бір күні «Локомотив» стадионында дайындалса, келесі күні Абай Арена аумағына немесе Ескі бекініс маңына барады. Кей кездері Қызыл Кордон аумағында да жаттығу өткізеді. Мәселе әсіресе роллермен дайындық кезінде анық байқалады.
Бұл — жай ғана әуесқой спортшылар емес. Бүгінде осы жерде жаттығып жүргендердің арасында ел чемпиондары мен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері де бар. Олар республикалық және халықаралық жарыстарда Абай облысы мен Қазақстанның намысын қорғап жүр.

Спортшылардың айтуынша, арнайы шаңғы-роллер трассасының болуы жаттығу сапасын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін де қамтамасыз етер еді. Мұндай нысан балалар спортының дамуына да үлкен мүмкіндік береді.
Өңірде түрлі бағытта жаңа нысандар салынып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ендігі кезекте қысқы спорт түрлерімен айналысатын спортшыларға да қажетті инфрақұрылым жасалып, тұрақты жаттығу орны мәселесі шешімін тапса деген тілек бар.
Себебі Семейдің болашақ чемпиондары қауіпсіз жерде дайындалуға лайық.
Редактор: Салтанат Еркінбекқызы