Абайдың алғашқы жинағы қалпына келтіруден өтті
Қолжазбаның ұлттық орталығы қалпына келтірілген кітапты Абай музейінің басшылығына тапсырды. Тараптар алдағы уақытта олардың шығармашылық байланыстары тек нығая түседі деп үміттенеді.
1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Абай шығармаларының жинағы елорданың Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында қалпына келтірілді. Бұл жайында Абай атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың Facebook-тегі ресми парақшасында айтылды.
Абай мұражайына барған кезде орталық мамандары бұл кітапты қалпына келтіру үшін арнайы алып кеткен. Бұл жұмысты орталық мамандары жоғары деңгейде орындады. Өткен аптада Нұр-Сұлтанда орталық Абайдың алғашқы жинағын директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева мен Қордың бас сақтаушысы Меруерт Абламбаеваға салтанатты түрде табыс етті.
– Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының мамандарына үлкен алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта екі мекеме арасындағы шығармашылық байланыс нығая түседі деп үміттенеміз, – деп атап өтті мұражайда.