Халықтың атынан кім сөйлейді? Абай облысында 486 кандидат тіркелді

Aibat-Youtube-1.jpgsvy-1

Халықтың атынан кім сөйлейді? Абай облысында 486 кандидат тіркелді
Депутат болу – жай ғана мандат иелену емес. Бұл – халықтың атынан сөйлеп, тұрғындардың мәселесін көтеріп, олардың мүддесін қорғау деген сөз. Мәслихат депутаттары жергілікті жердегі маңызды шешімдерді қабылдауға қатысып, халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Бірақ депутаттың жұмысы тек отырыстарға қатысып, дауыс берумен шектелмеуі керек. Ол тұрғындардың өтінішін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, сайлаушылар алдында жауапты болуы тиіс.

Ал енді осы жауапкершілікті кімдер мойнына алуға дайын?

Қазақстан бойынша мәслихат сайлауын өткізуге 35,8 млрд теңге бөлінген. Республика көлемінде 10 971 кандидат тіркелген.

Абай облысында мәслихат депутаттығына 486 кандидат үміткер болып отыр. Оның 46-сы облыстық мәслихаттағы орындарға таласады.

Облыстық мәслихатқа бес саяси партияның тізімі тіркелген. Олар – «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», Respublica және Қазақстан Халық партиясы. Сонымен қатар 15 бірмандаттық сайлау округі бойынша да кандидаттар сайлауға түседі.

Әрине, кандидаттардың көп болуы – таңдау мүмкіндігінің бар екенін көрсетеді. Алайда сайлаушылар үшін ең маңыздысы – үміткерлердің кім екені ғана емес, олардың қандай мәселелерді көтеретіні, халыққа берген уәдесі және оны орындауға қаншалықты дайын екені.

Өйткені депутаттың жұмысы сайлауға дейінгі уәделермен емес, сайлаудан кейінгі нақты іспен бағалануы керек.

Редактор: Салтанат Еркінбекқызы

About The Author