1 қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды орналастыруға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді кәсіпкерлер қандай тәртіпті сақтауы керек?
Дүкеннің атауы, кафе маңдайшасы немесе салонның кіреберісіндегі жазу — мұндай ақпаратты орналастырмас бұрын белгіленген тәртіпті сақтау қажет. Қазақстанда маңдайшаларға қатысты жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді.
Жаңа тәртіп Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 197 бұйрығымен бекітілген.
Алдымен эскиз, содан кейін орнату
Кәсіпкерлер маңдайшаны орналастыру жоспарланған күнге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуі керек.
Хабарламаға маңдайшаның эскизі мен оның қай жерде орналасатыны туралы мәлімет қоса беріледі. Сондықтан маңдайшаға тапсырыс беріп, орнатуға ақша жұмсамас бұрын құжаттарды дайындап алған жөн.
Құжаттарды қарау мерзімі — төрт жұмыс күні. Қызмет тегін көрсетіледі. Егер эскиз заңнама талаптарына сәйкес келмесе, оны орналастыруға келісім берілмеуі мүмкін.
Маңдайшадағы жазу қай тілде болуы керек?
Маңдайша мәтінін рәсімдеуге де назар аудару қажет. Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларындағы ақпарат мемлекеттік тілде орналастырылады. Қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдердегі нұсқаларын да беруге болады.
Мәтін орфографиялық нормаларға сай жазылып, аудармасы түпнұсқадағы мағынаны сақтауы тиіс. Ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілсе, қазақша мәтін бірінші — сол жақта немесе жоғарыда, ал орысша мәтін оң жақта немесе төменде орналасады. Әріптердің өлшемі бірдей болуы керек.
Тіркелген тауар белгілеріне қатысты ерекшеліктер бар: олар ресми тіркелген нұсқасында көрсетілуі мүмкін.
Әкімдік жауап бермесе не болады?
Бұл жағдай да ескерілген. Егер әкімдік хабарламаны алған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде жауап бермесе, кәсіпкер маңдайшаны өзі көрсеткен мерзімде орналастыра алады.
Ал егер ескертулер берілсе, оларды маңдайшаны орнатқанға дейін түзету қажет.
Бұл талаптар жарнамалық баннерлерге де қатысты ма?
Фасадтағы кез келген жазу маңдайша болып саналмайды. Жаңа тәртіп бойынша маңдайшада жеке немесе заңды тұлғаның атауы мен қызмет түрі көрсетіліп, ол сол нысанның нақты жұмыс істейтін жеріне орналастырылады.
Ал сыртқы жарнамаға қатысты бөлек талаптар бар. Сондықтан жарнамалық баннер немесе басқа жарнама құрылымын орнатпас бұрын оған қандай тәртіп қолданылатынын нақтылап алған жөн.
Қайда жүгінуге болады?
Құжаттарды тиісті әкімдікке жеке тапсыруға немесе электронды форматта жолдауға болады. Онлайн өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойылған өтініш пен маңдайша эскизінің электрондық көшірмесі қажет.
Кәсіпкерлерге кеңес: маңдайшадағы мәтінді алдын ала тексеріп, эскизін дайындап, құжаттарды уақытылы жіберіңіз. Бұл сауда нысанын ашу немесе оның сыртқы көрінісін жаңарту кезінде артық кідірістің алдын алуға көмектеседі.
Құқықтық негіз: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 197 бұйрығы.
Редактор: Салтанат Еркінбекқызы