Қайнарда өткен рухани-мәдени жиынға мыңдаған адам жиналды

Қайнар ауылында ұлттық рухты дәріптеуге бағытталған ауқымды рухани-мәдени жиын өтті. Елдің әр өңірінен жиналған мыңдаған қонақтың басын қосқан шарада ұлттық спорт, мәдениет пен салт-дәстүр кеңінен насихатталды.

Жиын аясында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер ұлттық нақыштағы ерекше атмосфера қалыптастырды. Қонақтар ұлттық ойындарды тамашалап, қазақтың салт-дәстүрімен танысты. Мәдени бағдарлама барысында ән мен күй орындалып, көпшілікке ұлттық өнердің көріністері ұсынылды.
Шараның ең тартысты бөлігі жаңа ипподромда өткен аламан және топ бәйге болды. Еліміздің әр өңірінен келген жүйріктер бақ сынап, көрермендерге әсерлі жарыс сыйлады.


25 шақырымдық аламан бәйгеде бас жүлдеге Haval H5 автокөлігі, екінші орынға Chevrolet Onix, үшінші орынға квадроцикл тігілді. Ал 15 шақырымдық топ бәйгеде бірінші орын иесіне Kia Sportage, екінші орынға Chevrolet Cobalt автокөлігі, үшінші орынға квадроцикл табысталды.

Дүбірлі додаға танымал жас шабандоз Хамза Амангелді де қатысып, жарыстың тартысын арттырды. Оның қатысуы көрермендердің қызығушылығын оятып, ұлттық ат спортына деген ықыластың жоғары екенін көрсетті.

Қайнардағы рухани-мәдени жиын ұлттық дәстүрді, мәдени мұраны және ат спортын насихаттауға бағытталған мазмұнды іс-шаралардың біріне айналды.
Редактор: С. Е. Бейсенбаева